Жылыту маусымына дайындық қалай?

Жуырда өңір басшысы А.Абдиновтың қатысуымен аудандық мәслихаттың он бірінші сессиясы өтті. Күн тәртібінде 2021-2022 жылға тұрғындарды жылумен қамтамасыз етуге жауапты мекемелердің жылыту маусымына дайындығы мен қызмет сапасын бағамдау, аудандық мәслихаттың 2020 жылғы 28 желтоқсандағы №81-1 «Алакөл ауданының 2021-2023 жылдарға арналған бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, Лепсу ауылының бас жоспарын бекіту мәселелері көтерілді.

Барлығымыз білетіндей былтыр Үшарал қаласындағы жылыту қазандығы барлық тұтынушыларға қажетті жылыду жеткізуге қуаты жетпеді. Бүгінде аталған мекеме шамадан тыс қызмет етіп, тиісті жылудан артық мөлшерді беріп отыр. Алайда тұтынушылардың көптігінен жұмыс барысында да кемшіліктер байқалуда.

Осы ретте аудан әкімінің орынбасары Д.Қанағатов өз баяндамасында жылыту қазандығы мен құбырларды ретке келтіру, жандандыру мақсатында атқарылып жатқан істерге тоқталып кетті. Талай тұрғыннан шағым түсіп, қақаған қыста күрделі мәселеге айналған тақырыпқа немқұрайлы қарамай, қажетті шаралар қол алынғанын жеткізді. Жылыту маусымына керекті көмірге тапсырыс беріліп, жуық арада толықтай қамтамасыз етілмек. Ал жөндеу және апатты жағдайлардың алдын алу үшін бюджеттен 86 млн. теңге қарастырылып, оның 50 млн-ны бөлініп отыр. Қалған қаражат алдағы уақытта берілетін болады.

Тұтынушылардың талап-тілектерін ескере отырып, қаламызда тағы да бір жылыту қазандығын салу мәселесі де көтерілген. Жер белгіленіп, құжаттар рәсімделуде. Барлығы дұрыс болған жағдайда жаңа қазандықтың құрылысы да басталмақ.

Депутаттар тарапынан былтырғы жылыту маусымындағы кемшіліктер жайында бірнеше сұрақтар қойылды. Халық қалаулылары тарапынан: «Алдыңғы жылғыдай қыстың ортасында жұртшылықтың наразылығын тудырып алмаймыз ба, дайындығымыз жеткілікті ме?»,- деген сауалдар жолдады.

Бөлінген қаражат тиісті бағытта игеріліп, көмір толықтай жеткізілген жағдайда бұл қысты ойдағыдай еңсереміз деген жауап берілді.

Бұдан бөлек 2021-2023 жылдарға арналған бюджетке өзгерістер енгізу және Лепсі ауылының бас жоспарын бекіту мәселелері қаралды. Аталған тақырыптар оң шешімін тауып, бір ауыздан қолданды.

А.ЕСЕНБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: