Әзіл алаңындағы тартыс

Күш – қайратқа, жалын мен жігерге толы жастық шақ – адам өмірінің ең қызықты уақыты. «Жасында тырысқан – қартайғанда қуанады»,- деп түрік әлемінің ғұлама ғалымы Махмұт Қашқари айтқандай,осы кезеңді пайдалы әрі тиімді өткізудің маңызы зор.

Бүгінгі таңда елімізде жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, ғылыми және мәдени шаралар белсенді түрде жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Жайдарман» ойыны. Жалын иелері арасында үлкен қолдауға ие болып отырған әзілкештер сайысының ауқымы жылдан – жылға кеңеюде.

Өңірімізде дәстүрлі түрде өтетін жайдарманшылар додасы биыл «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбында ұйымдастырылды. З.Қойшыбаева атындағы мәдениет үйінде өткен шараға ауданымыздың түкпір – түкпірінен келген 9 команда қатысты. Олар: «Қабанбай KZ» (Қабанбай ауылдық округі),«Қарлығаш құрамасы» (Қарлығаш ОМ), «Шапалақ» (Лепсі ауылдық округі), «Қамысқала құрамасы»(Қамысқала ауылдық округі), «Жаңғыру» (Ақши ауылы), «Ұнамаса қарама» (Сапақ ауылдық округі), «Авиатор» (ҚР ҰҚК ШҚ 9807 әскери бөлімі), «Мыңбай жастары» (М.Мыңбай атындағы ОМ), «Күлкімания» (Үшарал қалалық №2 ОМ) құрамалары. Әзіл алаңында бақ сынасқан командалардың дайындығы көңіл көншітпеді. Қатысушыларға ойынның ережесі мен тақырыбы алдын ала берілсе де, кейбір топтар белгіленген қағида шеңберінен шығып жатса, кейбірі теледидар мен ғаламтор арқылы тарап үлгерген көріністерді қайталады. Сондай – ақ берілген тақырып та толық ашылмады. «Рухани жаңғырудың» аясында ұйымдастырылып отырған шара болса да, командалардың басым бөлігі ол туралы мүлде сөз қозғамады. Алайда аудан әкімінің кубогы үшін өткен додаға жауапкершілікпен қарап, сапалы дайындықтарымен және әзілдерімен көрермендердің көңілінен шыққан топтар да болды. Олар өздерінің лайықты бағаларын алып, тиісті марапаттарға ие болды.

Ойынның екі кезеңінің қорытындысы бойынша 1 орынды өткір сықақтарымен, шымшыма сөздерімен, орамды ойларымен өзгелерден озық шыққан 9807 әсери бөлімінің «Авиатор» командасы жеңіп алса, 2 және 3 орынға «Қамысқала» мен «Қарлығаш» құрамалары ие болды. Ал «Үздік ойыншы» номинациясына «Күлкімания» командасының мүшесі Ә.Ибраимова лайық деп танылды. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Г.Асенова.

Мәліметпен бөлісу: