
Бүгін Алакөл ауданына қарасты Жыланды ауылында Жетісу облыстық мәслихаты депутаттығына кандидаттар Амангелді Есбай және Алмас Абдинов «Дарынды балаларға арналған Жыланды мамандандырылған лицей-интернатының» еңбек ұжымымен кездесті.
Кездесу барысында кандидаттар «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламасын таныстырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жоспарларға тоқталды.
Алғашқы болып сөз сөйлеген Амангелді Есбай өңір тұрғындарын сапалы инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. «Жетісу облысының тұрақты дамуы ең алдымен сапалы инфрақұрылымға байланысты. Сондықтан инженерлік желілерді жаңғырту, елді мекендерді газбен қамту және коммуналдық жүйелердің тиімділігін арттыру – сайлауалды бағдарламамыздағы басым бағыттардың бірі. 2031 жылға қарай облысты газдандыру деңгейін 93,8 пайызға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар 21,5 шақырым электр, 20 шақырым жылу және 197,8 шақырым су құбыры желілерін реконструкциялауға күш саламыз. Бұл бастамалар тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған», – деді ол.

Өз кезегінде Алмас Абдинов жол инфрақұрылымын дамытудың өңір үшін маңызына тоқталып, ауылдық елді мекендер арасындағы көлік қатынасын жақсарту қажеттігін жеткізді.
«Ауылдық елді мекендердің дамуы жол сапасымен де тікелей байланысты. Қолжетімді әрі қауіпсіз жол қатынасы тұрғындардың күнделікті тұрмысына, кәсіпкерліктің дамуына және әлеуметтік нысандарға қатынауына оң әсер етеді. Осыған орай, 2031 жылға қарай Жетісу облысындағы нормативтік талаптарға сай автомобиль жолдарының үлесін 99 пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Бұл бағытта жол инфрақұрылымын жақсартуға және елді мекендер арасындағы көлік қатынасын дамытуға басымдық береміз», – деді кандидат.
Кездесу соңында лицей-интернат ұжымының пікірлері мен ұсыныстары тыңдалып, өңірді дамытуға қатысты өзекті мәселелер талқылады.
Дайындаған: «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Тапсырыс беруші: Есбай А.Ғ.
Жетісу облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.
