
Қазақстанның тұрақты дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Бұл міндеттер 2026 жылғы 28 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында кеңінен көрініс тапты.
Президент Жолдауда қазіргі жаһандық өзгерістер жағдайында еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігін нығайту, экономикалық тұрақтылықты сақтау және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар болашақ ұрпаққа қуатты экономикасы, дамыған инфрақұрылымы және жоғары өмір сүру деңгейі қалыптасқан мемлекет қалдыру стратегиялық міндет екенін жеткізді.
Жолдаудың маңызды бағыттарының бірі – еліміздің барлық өңірінде инфрақұрылымды кешенді жаңғырту. Осы мақсатта «Халықтық құрылыс» бастамасы ұсынылды. Оның аясында жаңа мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, кітапханалар, мәдениет ошақтары, тұрғын үйлер мен инженерлік нысандар салу жоспарланып отыр. Бұл бастама халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және өңірлердің даму мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Ауыл-аймақтарды дамыту мәселесі де ерекше маңызға ие. Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және елді мекендердің экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеттерінің бірі. Әрбір өңірде халықтың сұранысына сай жобаларды жүзеге асыру мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетеді.
Мемлекет басшысы көлік-логистика саласын дамытуға да басымдық берді. Жаңа теміржол желілерін іске қосу, жол қатынасын жақсарту және транзиттік мүмкіндіктерді кеңейту еліміздің халықаралық экономикалық байланыстарын нығайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге цифрлық экономиканы қалыптастыру, жасанды интеллектіні дамыту және заманауи технологияларды кеңінен енгізу мәселелері көтерілді. Президенттің пікірінше, жаңа дәуірде елдің бәсекеге қабілеттілігі білімге, ғылымға және инновацияға тікелей байланысты. Сондықтан кәсіби мамандар даярлау, жастардың білім алуына жағдай жасау және ғылыми әлеуетті арттыру маңызды.
Жолдауда мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігіне де назар аударылды. Мемлекеттік аппаратты қағазбастылықтан арылту, шешім қабылдау үдерістерін жеделдету және мемлекеттік қызметшілердің кәсіби жауапкершілігін арттыру қажеттігі айтылды. Мемлекеттік органдар қызметінің басты өлшемі – халықтың мәселесін шешу және нақты нәтижеге қол жеткізу.
Қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде «Заң мен тәртіп» қағидатының орны ерекше. Заңға құрметпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау, адал еңбек ету және азаматтық жауапкершілікті сезіну қоғамның күнделікті өмір салтына айналуы тиіс. Осы ретте «Адал азамат» идеологиясын қалыптастырудың маңызы зор.
Қорытындылай келе, Мемлекет басшысының 2026 жылғы Жолдауы елдің жаңа тарихи кезеңдегі даму міндеттерін айқындап берді. Онда ұсынылған бастамаларды жүзеге асыру мемлекеттік органдардың жүйелі жұмысына, өңірлердің белсенділігіне және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне байланысты. Әрбір азаматтың ел болашағына бейжай қарамай, қоғам игілігі үшін еңбек етуі – тұрақты әрі өркендеген Қазақстанды қалыптастырудың маңызды шарты.
