
«Елге қызмет ету – мінезден» деген сөздің мәні терең. Өйткені Отанға деген сүйіспеншілік құрғақ сөзбен емес, күнделікті адал еңбекпен, жауапкершілікпен, ел игілігіне сіңірген іспен өлшенеді.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген халық даналығы бар. Алайда еңбектің қадірі тек оның нәтижесімен ғана емес, сол жолдағы табандылық пен адамдық ұстанымнан да көрінеді. Бір саланың тізгінін ұстап, жылдар бойы бір мақсатқа адал болу – екінің біріне бұйыра бермейтін қасиет. Мұндай жандардың өмір жолы кейінгі буынға өнеге.
Алакөл ауданында мемлекеттік қызметтің жауапты жүгін ұзақ жылдар бойы арқалап келе жатқан Гүлдария Тлеуханқызы Тумабаеваның еңбек жолы – осы сөзімізге дәлел. Бүгінде ол аудан әкімінің аппаратындағы Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі бөлімшесінің басшысы қызметін атқарады. Оның кәсіби қалыптасу жолы бір күнде қалыптасқан жетістік емес, жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен үздіксіз еңбектің нәтижесі.
Гүлдария Тлеуханқызы 1990 жылы Талдықорған заң техникумын тәмамдап, кейін Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясында заңгерлік мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Еңбек жолын Алакөл аудандық халық депутаттары кеңесінде инспектор болып бастаған. Одан кейін аудандық аурухананың әдістемелік бөлімінде, аудандық мәслихатта іс жүргізуші, маман қызметтерін атқарды.
Әр мекеме, әр қызмет оның кәсіби тәжірибесін толықтырып, жауапкершілігін арттыра түсті. 2005 жылдың сәуірінде Үшарал қаласы әкімінің аппаратына бас маман – заңгер-консультант болып тағайындалды. Ал 2007 жылдан бастап Алакөл ауданы әкімінің аппаратында ұйымдастыру, мемлекеттік-құқықтық және кадр жұмысы бағытында бас маман қызметін атқарды.
2014 жылдан бері Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі бөлімшесіне жетекшілік етіп келеді. Бұл қызметтің жауапкершілігі де, атқарар міндеті де аз емес. Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың орындалуын үйлестіру, кадрлық мәселелерге қатысты конкурстық және тәртіптік комиссиялардың жұмысын ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау рәсімдерін қадағалау – күнделікті жұмыстың негізгі бағыттары.
Кадр саласы сырт көзге құжат пен заң талаптарына негізделген жұмыс болып көрінуі мүмкін. Алайда оның ар жағында адам тағдыры, кәсіби таңдау, әділдік пен жауапкершілік тұр. Сондықтан бұл бағытта біліммен бірге байыптылық, ұқыптылық пен адаммен тіл табыса білу де маңызды. Гүлдария Тлеуханқызының көпжылдық тәжірибесі осы қасиеттерді ұштастыра білгенін аңғартады.
Жылдар бойғы еңбегі түрлі марапаттармен де бағаланды. 2019 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департаменті тарапынан «Үздік кадр маманы» грамотасымен марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хаттарына ие болды. Ал 2024 жылы «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапатталуы – оның саладағы ұзақ жылғы еңбегіне берілген баға.
Гүлдария Тлеуханқызының еңбек жолындағы тағы бір ерекшелік – қызметтік міндетті адамдық қасиеттермен ұштастыра білуі. Әріптестері арасында сыпайылығы, ұстамдылығы, жауапкершілігімен танылған ол қай қызметте жүрсе де адалдықты басты ұстаным етіп келеді.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді халқымыз. Адамның артында қалатын ең үлкен мұрасы – атақ пен мансап емес, елге сіңірген еңбегі мен жақсы аты. Өзінің кәсіби жолын туған жерімен байланыстырып, мемлекеттік қызметке саналы ғұмырын арнаған Гүлдария Тлеуханқызының өмірлік ұстанымы да осыған саяды.
Елге қызмет ету үшін міндетті түрде биік мінберде сөйлеу шарт емес. Кейде үлкен іске қосылған үлес күн сайын үнсіз атқарылатын жұмыстан, уақытпен санаспайтын жауапкершіліктен, біреудің сенімін ақтаудан басталады. Осындай көзге көріне бермейтін, бірақ қоғам үшін маңызы зор еңбек иелерінің қатарында Гүлдария Тлеуханқызы да бар.
Адал еңбектің абыройы арта берсін! Алдағы уақытта да деніне саулық, отбасына амандық, қызметіне толағай табыс тілейміз.
