Білімді жастар – ел болашағының берік тірегі. Ал олардың алған білімін ел игілігіне жұмсау – мемлекеттік аппараттың кадрлық құрамын жас әрі білікті мамандармен толықтыруға жол ашады.
Осы бағытта 2023 жылдан бастап жоғары оқу орындарын үздік (GPA көрсеткіші 3,33-тен төмен емес) нәтижемен аяқтаған түлектерді мемлекеттік қызметке конкурстық іріктеусіз тағайындау тетігі жүзеге асырылып келеді. Бұл бастама үздік жастарға мемлекеттік қызметтің есігін ашып, өңірлердегі мемлекеттік органдарды жас әрі білікті мамандармен толықтыруға мүмкіндік берді.
Жетісу облысында 2023 жылдан бері Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарын тәмамдаған 90 түлек аталған мүмкіндікті пайдаланып, мемлекеттік қызметке орналасты. Олар облыстың жергілікті атқарушы органдары мен орталық мемлекеттік органдардың аудандық бөлімшелеріне тағайындалып, қызмет атқаруда.
Ал 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң бұл мүмкіндікті одан әрі кеңейтті. Енді мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқыған түлектермен қатар, ақылы негізде білім алған үздік түлектер де диплом алған күннен бастап бір жыл ішінде конкурстық іріктеусіз мемлекеттік қызметке орналаса алады.
Аталған тәртіп аудандық және облыстық маңызы бар қалалардағы (облыс орталығынан басқа) әкім мен мәслихат аппараттарының төменгі лауазымдарына, жергілікті атқарушы органдардың, ауылдар, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері аппараттарының басшылық емес лауазымдарына, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аудандық аумақтық бөлімшелеріне қатысты қолданылады. Бұл ретте еңбек өтілі талап етілмейді, алайда мамандығы лауазымның біліктілік талаптарына сәйкес болуы тиіс.
Үздік түлектерге арналған бос жұмыс орындарын «e-Qyzmet» порталындағы арнайы бөлімнен табуға болады.
Осылайша, жоғары академиялық жетістік енді тек дипломдағы көрсеткіш қана емес, мемлекеттік қызметке бастар нақты мүмкіндікке айналып отыр. Білімді де талапты жастар үшін бұл – кәсіби жолын бастап, ел дамуына өз үлесін қосудың үлкен мүмкіндігі.
С.С.Ибадуллаева
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаменті Мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы
