Сайлау учаскесін қалай табуға болады? 29 қарашада — дауыс беру күні.

Қазақстанда 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық жұмыстары жалғасуда. Азаматтарға дауыс беру тәртібі мен өз сайлау учаскесі туралы ақпарат алу үшін бірнеше мүмкіндік қарастырылған.
Ең алдымен, сайлау учаскесінің мекенжайын GOV.KZ порталы мен eGov Mobile қосымшасындағы арнайы сервис арқылы анықтауға болады. Сонымен қатар өңірлерде байланыс орталықтары жұмыс істейді.
Орталық сайлау комиссиясының сайтында азаматтардың сұрақтарына жауап беретін «Sailau AI» жасанды интеллект көмекшісі де қолжетімді.
Халықты ақпараттандыру жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары мен басқа да арналар арқылы жүргізіліп жатыр. Ақпараттық материалдар 38 өңірлік телеарнада, 35 радиоарнада, 119 өңірлік БАҚ сайтында және 200-ге жуық өңірлік басылымда жарияланған. Бұдан бөлек, қалаларда 7 мыңға жуық сыртқы ақпараттық материал орналастырылған.
Сайлау туралы бейнероликтер республикалық телеарналарда ымдау тілімен сүйемелденіп көрсетілсе, радиода арнайы аудиороликтер берілуде. Учаскелік комиссия мүшелері тұрғындарға жеке шақыру қағаздарын да табыстап жатыр.
Сайлауды ұйымдастыруға 86 мыңнан астам адам тартылған. Олардың кәсіби даярлығын арттыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясы еліміздің барлық 20 өңірінде болып, 100-ден астам сайлау учаскесін аралаған. Сонымен қатар 3 382 комиссия мүшесінің қатысуымен 21 оқыту семинары өткізілген.
Дауыс беру 29 қарашада сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді. Сайлаушылардың өз учаскесін алдын ала анықтап, қажетті ақпаратпен танысқаны маңызды.

Мәліметпен бөлісу: