
Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары аясында бүгінгі сапарымыз бірнеше маңызды нүктені қамтыды: Көлбай орта мектебінің ұжымымен, «Кутумбеков» шаруа қожалығының еңбеккерлерімен және Әлемді ауылының тұрғындарымен жүздесіп қайттық.
Әр ортаның тынысы бөлек болғанымен, баршасын ортақ бір мақсат – өңіріміздің өркендеуі мен ертеңгі күнге деген сенім біріктіреді. Көлбай орта мектебінде ұстаздармен білім мен тәрбие сапасын арттыру мәселелерін талқыласақ, «Кутумбеков» шаруа қожалығында ауыл еңбеккерлерінің маңдай тері мен шаруашылықты дамыту жайын сөз еттік. Ал Әлемді ауылында тұрғындармен емен-жарқын әңгімелесіп, күнделікті өмірде кездесетін түйткілдерді тыңдадық.
«Әділет» партиясы атынан аудандық мәслихат депутаттығына үміткер ретінде сайлауалды бағдарламамның негізгі бағыттарын таныстырып, алдағы жоспарларымды баяндадым. Әрбір кездесуден түйген ой, айтылған ұсыныс алдағы жұмысыма бағыт-бағдар береді.
Жиында Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрге айналған “Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері” тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген өзекті мәселелерді талқыладық.
Құрметті жерлестер! Сіздерді 29 қарашада өтетін сайлауға белсенді қатысып, ортақ болашағымыз үшін таңдау жасауға шақырамын!
