
Жетісу облысында жастарды, отбасыларды және Алакөл ауданының тұрғындарын қамтыған 3 әлеуметтік жобаның қорытындысы шығарылды. Солардың ішіндегі ауқымды бастамалардың бірі студенттік өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған Student Hub Zhetisu жобасы болды.
Бастамаға бір жоғары оқу орны мен 22 колледж қосылды. Жобаға барлығы 1000-нан астам студент қатысты. Жоба аясында дебаттар, зияткерлік байқаулар, семинарлар және облыстық көшбасшылар лагері ұйымдастырылды. Оқу орындары арасындағы өзара байланысты нығайту мақсатында 23 меморандумға қол қойылды.
Тағы бір бастама отбасы институтын нығайтуға арналды. «Жетісу әкелер мектебі» жобасы аясында «Әке. Отбасы. Болашақ» атты XI Республикалық әкелер форумы өтті. Қатысушылар бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі, ұлттық құндылықтар және ұрпақтар сабақтастығы мәселелерін талқылады.
Алакөл ауданында Adal Qadam жобасы аясында тұрғындарға практикалық құқықтық қолдау көрсетілді. 11 елді мекенде 16 кездесу өткізіліп, 100 құқықтық кеңес берілді. Сонымен қатар құқықтық квест пен шығармашылық байқау ұйымдастырылды.
Үш жобаның барлығын «Өрендер» академиясы қоғамдық бірлестігі жүзеге асырды.
