
Жетісу облысында мал шаруашылығын қысқы кезеңге дайындау жұмыстары кешенді түрде жүргізілуде. Малдың қысқы азығына 2,4 млн. тоннадан астам жем-шөп қоры дайындалған. Бүгінде өңірде бар 2,6 млн. бастан астам малдың 51,7% қыстауға кіргізілді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде жалпы саны 2 мыңнан астам қыстау бар. Онда 1,6 млн бас малы бар 2 339 шаруашылықты орналастыру жоспарланған. Қысқы кезеңде 3 322 малшы жұмыс істейтін болады. Аталған шаруашылықтардың барлығы қажетті жем-шөп қорымен, жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген. Атап өтсек, қыстаулардың бірқатары орталықтандырылған электр желісіне қосылған, сондай-ақ басым бөлігінде күн панелі мен бензинді генераторлар қолданылады. Суды олар түрлі бастаулардан алады.
– Жалпы 2 млн 457,1 мың тонна көлемінде мал азығы – шөп, пішендеме, сүрлем, сабан, жем дайындалды. Бүгінгі күнге дейін малға 24 мың тонна азық берілді. Қыстауға 1 млн 392 мың бас мал немесе жалпы мал басының 51,7%-ы көшірілді. Жалпы қысқы кезеңді 2 млн 627 мың бас малмен бастадық. Оның 530,5 мың басы ірі қара, 1 млн 852 мың бас ұсақ мал, 226,3 мың бас жылқы, 2,6 мың бас түйе, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.Жалпы, осы жылдың өткен он айындағы көрсеткіш бойынша өңірде ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 437,8 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 102,8% құрады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Дмитрий Ерофеев,
сондай-ақ иллюстрация ЖИ көмегімен жасалды.
