
Жетісу облысында туризм – экономиканың маңызды бағыттарының бірі. Өңірге жыл сайын 2 миллионнан астам турист келеді. Сондықтан демалушыларға қолайлы жағдай жасау үшін қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар Алакөл көлінің жағалауында да жалғасуда. Атап айтқанда, келесі жылдың соңына дейін жағалауды бекіту бөгетінің құрылысы аяқталып, шомылу маусымы басталғанға дейін кәріз-тазарту қондырғыларының құрылысы пайдалануға беріледі. Бұл өз кезегінде жағалауды дамытуға қатысты екі өзекті мәселені шешуге ықпал етпек. Бұл туралы Алакөл ауданының тұрғындарымен кездесуі барысында облыс әкімі Бейбіт Исабаев айтты, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алакөл жағалауында кәріз-тазарту қондырғыларын салу жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі уақытта нысанның құрылыс жұмыстары 70 пайызға орындалған. Жобаны іске асыру көл жағалауында ағынды суларды орталықтандырылған жүйе арқылы жинап, тазартуға, қоршаған орта мен су ресурстарының ластануына жол бермеуге, сондай-ақ өңірдің туристік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға қажетті жағдай жасайды.
– Бұл – жобалық қуаты жағынан еліміздегі ең ірі нысандардың бірі. Құрылыс жұмыстары болашақта курорттық аймақтардың кеңею мүмкіндігі ескеріле отырып жүргізіліп жатыр. Қондырғы тәулігіне 6,5 мың текше метр суды тазарта алады. Тазартылған суды кейін техникалық мақсатта қайта пайдалануға болады, – деді Б. Исабаев.
Бұдан бөлек, Алакөл ауданының Көктұма ауылында демалыс аймағы үшін кәріз жүйесінің құрылысына арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Жоба аясында ұзындығы 72 шақырым су бұру желілерін және 3 кәріз-сорғы станциясын салу көзделген. Жобаны 2027 жылы іске асыру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ өткен жылдан бері Алакөл көлінде жағалауды бекіту бөгетінің құрылысы жүргізілуде. Жоба көл жағалауының 13 шақырымын қамтиды. Бүгінгі таңда Ақши ауылында 1,9 шақырым аумақта жұмыс аяқталған. Ал Көктұма ауылындағы 3,5 шақырым учаскенің 1,9 шақырымында құрылыс жұмыстары орындалды. Жұмыстарды келесі жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Тағы бір атап өтерлігі, Алакөл жағалауының инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Ақши – Бескөл» жаңа қосалқы стансасы салынды. Енді «Ақтоғай – Көктұма» электр желісін тарту жоспарланып отыр.
Жағалау аумағының тазалығын сақтау үшін «Алакөл Тазалық» және «Балқаш Тазалық» коммуналдық кәсіпорындары құрылды. Соның нәтижесінде биыл көл жағалауын күтіп-ұстау жұмыстары тиісті деңгейде ұйымдастырылды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фотограф: Жұмабай Мұсабеков, Жеңіс Ысқабай
